Павлодар облысының мас тұрғыны сыра сатудан бастартқан сатушының көлігіне қажетін өтеген
Павлодар облысының мас тұрғыны сыра сатудан бастартқан сатушының көлігіне қажетін өтеген, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Күн сайын полиция қызметкерлері түрлі сын-тегеуріндерге тап болады. Тек өткен тәулікте олар 299 сын-тегеурінді пысықтады.
Мысалы, 26 наурыз күні сағат 17.40 шамасында полицияға Ленинский кентінің Малайсары батыр көшесінде ер адам қажетін өтеді деген шақыру келіп түсті. Мекенжайға келген Павлодар қаласы ПБ учаскелік полиция инспекторы Ленин кентінің 34 жастағы тұрғыны мас күйінде дүкенге кіріп, қарызға бір бөтелке сыра сұрағанын анықтады.
– Сатушы ауыл тұрғынының қандай жағдайда екенін көріп, қызмет көрсетуден бас тартқан. Ер адам ашуланып, дүкен қызметкеріне балағат сөздер айтқан. Көшеге шығып, дүкен иесіне тиесілі Lada Granta автокөлігінің тұрғанын көріп, қажетін өтеп, кетіп қалған. Құқық бұзушының жеке басы анықталды. Полиция ер адамды уақытша бейімдеу және детоксикация орталығына жеткізді. Куәландыру ер адамның орташа мас күйін көрсетті. Құқық бұзушыға қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 434-бабы 2-бөлігі (Ұсақ бұзақылық) бойынша әкімшілік хаттама жасалды. Материал шешім қабылдау үшін әкімшілік сотқа жіберілді, – деді Павлодар қаласы ПБ жергілікті полиция қызметінің бастығы Қанат Дүйсекенов.
Айта кету керек, биыл өңірде ұсақ бұзақылық жасаған 201 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды.