Маңғыстау облысында есірткіні жарнамалайтын 300-ге жуық граффити өшірілді
Маңғыстау облысында есірткіні жарнамалайтын 300-ге жуық граффити өшірілді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Маңғыстау облыстық полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы қызметкерлерімен нашақорлықтың алдын алу, есірткі қылмыстарын болдырмау мақсатында түрлі бағыттар бойынша жұмыстар атқарылып жатыр. Маңғыстау облысы ПД есірткіге қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлерімен жыл басынан бері барлығы 106 есірткіге қарсы құқық бұзушылықтар анықталды.
Жалпы көлемде 22 есірткі қылмысы ашылды. Оның ішінде, есірткіні сату бойынша 14 дерек тіркеліп, есірткі заттарын аса ірі мөлшерде сақтауға қатысты төрт қылмыстық іс қозғалды. Сонымен қатар ҚР ҚК-нің 300-бабымен құрамында есірткі заттары бар өсімдіктерді өсірді деген күдікке ілінген екі азамат ұсталды. Одан бөлек, есірткі контрабандасы мен есірткі притонын ұйымдастыру бойынша екі дерек анықталды.
Тәртіп сақшылары төрт ай ішінде есірткі қылмысының заңсыз айналымынан 65 келі есірткі затын тәркіледі. Атап айтсақ, 62,2 келі марихуана, екі келі мефедрон, альфа-PVP синтетикалық есірткі заттары және 379 грамм гашиш пен 126 грамм апиын алынған.
Нашақорлық пен есірткі қылмыстарының алдын алу мақсатында профилактикалық шаралар тұрақты түрде өткізіліп жатыр. Осы бағытта 50 іс-шара ұйымдастырылып, 280 граффити жазу жойылды. Сондай-ақ есірткі мен олардың аналогтарын жарнамалайтын және сатумен айналысатын 35 сайт бұғатталды.