Қарағандылық тұрғындарды арзан бағада жиһаз сатамын деп алдаған күдікті құрықталды
Қарағандылық тұрғындарды арзан бағада жиһаз сатамын деп алдаған күдікті құрықталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қарағанды қалалық полиция басқармасына қарасты Жаңа-Майқұдық полиция бөліміне 35 жастағы қала тұрғынынан арыз түсті. Жәбірленуші азаматша ас бөлмесіне жиһаз алмақшы болған. Әлеуметтік желілерден хабарламаларды қарау барысында өзіне ұнаған затты тауып, ақшасы арзан болғандықтан соны алуға бел буған. Кейін азаматша хабарлама арқылы “сатушыға” хабарласып, оған 614 мың теңге ақша аударған. Ақшаны алған “сатушы” жәбірленушімен байланысты үзіп, хабарсыз кеткен.
Криминалдық полиция қызметкерлерімен жүргізілген кешенді жедел-іздестіру іс-шаралары барысында осы іске қатысы бар деген күдікпен 35 жастағы Астана қаласының тұрғыны ұсталды. Ол мойындау көрсетпе белгілерін берді.
Аталған дерек бойынша Қазақстан Республикасы ҚК-нің 190-бабына сәйкес қылмыстық іс тіркелді. Тергеу әрекеттері барысында күдіктінің осыған ұқсас тағыда бір қылмысқа қатысы бары анықталды. Бұл жолы күдікті 40 жастағы Қарағанды қаласы тұрғынынан ас бөлмесіне жиһаз жасап беремін деп 240 мың теңге ақшасын үптеп кеткен. Тергеу әрекеттері жалғасып жатыр.