Таразда есірткіні жарнамалайтын граффити жазбаларды жою науқаны өткізілді
Таразда есірткіні жарнамалайтын граффити жазбаларды жою науқаны өткізілді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жамбыл облысының полиция департаменті есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері синтетикалық есірткіні таратуға қатысты граффити-жазбаларды анықтауға және жоюға бағытталған «Біз есірткіге қарсымыз!» науқанын ұйымдастырып өткізді.
Іс-шараға «Жасыл Ел-Тараз» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің қызметкерлері, еріктілер, М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің студенттері – барлығы 70 адам қатысты.
– Акция аясында тұрғын үйлердің қабырғаларына есірткінің таралуына ықпал ететін және оны насихаттайтын сайттарды жарнамалайтын 30-дан астам граффити жазбалар жойылды, – деп хабарлады облыстық ПД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Әлім Бажықбаев.
Сондай-ақ облыстық ПД ЕҚҚІБ қызметкерлері әлеуметтік желілердің күнделікті мониторингі барысында осыған қатысты 36 Telegram-арнаны анықтады.
Қазіргі уақытта бұл арналар бұғатталған, осы сайттар мен жазуларды орналастыруға қатысы бар адамдарды ұстау бойынша іздестіру іс-шаралары жүргізілуде. Есірткі қылмысына қарсы жамбылдық күрескерлер граффити жазбаларды жазғаны және интернетте көрсетілген мәліметтерді таратқаны үшін ҚР ҚК-нің 299-1-бабы (Есірткі, психотроптық заттарды немесе сол тектестерді, прекурсорларды насихаттау немесе заңсыз жарнамалау) бойынша жаза қарастырылатынын ескертеді, сондай-ақ қылмыстың ауырлық деңгейіне байланысты үш жылдан алты жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза қарастырылуы мүмкін.
Сонымен қатар есірткі құралдарына қатысты жарнама орналастырған тұлғалар есірткі құралдарын өткізуге қатыстылығы бойынша жауапты болады және ҚР ҚК-нің 297-бабы (Есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатында заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау, жөнелту не өткізу) бойынша қылмыстық жауапкершілікке тартылады.
Осы баптың диспозициясына сәйкес, оларға қатысты бес жылдан жиырма жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру, ал есірткі заттарын жалпы білім беру мекемелерінде өткізу бойынша өмір бойына бас бостандығынан айыруға дейін қылмыстық жаза көзделеді.