Көлік алуға жәрдемдесемін деген желеумен астаналық тұрғынды сан соқтырған алаяқ ұсталды
Несиелеудің жеңілдетілген бағдарламасы бойынша көлік алуға жәрдемдесемін деген желеумен астаналық тұрғынды сан соқтырған алаяқ ұсталды, – деп хабарайды Polisia.kz.
Елорданың 24 жастағы тұрғыны жеңілдетілген бағдарлама бойынша несиеге жаңа автокөлікті рәсімдеуде көмектесуге уәде беріп, 400 мың теңгесін иемденген.
Бір айдың ішінде ер адам астаналық әйелді алдап, оны жылдамдатылған тәртіпте және жеңілдетілген несие бойынша көлік сатып алатынына сендірген. Біраз уақыттан кейін әйел алданғанын түсініп, полицияға жүгінген.
Жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында Есіл ауданы ПБ криминалдық полиция қызметкерлері қылмыс жасауға қатысы бар жігітті анықтады.
Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Қазіргі уақытта жігіттің елорда аумағында жасалған басқа да осыған ұқсас қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексеріліп жатыр.
Астана қаласының полиция департаменті азаматтарға қырағы болуды, бейтаныс адамдарға сенбеуді және көрсетілетін қызметтердің дұрыстығын тексеруді ескертеді.