Қызылордада үш сотталған түзеу мекемесінен босатылды
Қызылорда облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің №37 мекемесінде үш сотталғанның жаза мерзімінің аяқталуына байланысты «Қақпа алдында кездесу» әлеуметтік жобасының аясында азаматтарды шығарып салу шарасы өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
«Қақпа алдында кездесу» әлеуметтік жобасының мақсаты – сотталғандарды бас бостандығынан айыру орындарынан босатылғаннан кейінгі алғашқа күндері қоғамда әлеуметтік бейімдеу үшін жағдайлар жасау, әлеуметтік-психологиялық, тұрмыстық және жұмысқа орналастыру жөнінде көмектер көрсету, туыстық байланыстарын нығайту. Шараға қалалық пробация қызметінің инспекторы С.Құрымбаев, Қызылорда облысы бойынша қылмыстық жазасын өтеген адамдарды әлеуметтік бейімдеу мен оңалту орталығының өкілдері қатысты.
Жоба аясында мамандар бұл азаматтарға босатылғаннан кейінгі сотталғанның тұрмыстық және жұмысқа орналасу жөніндегі құқықтары мен міндеттерін түсіндірді. Босатылған соң жұмысқа орналасуы үшін керекті құжаттар тізімі, жұмыспен қамту бөлімінің мекенжайы көрсетілген жадынама берілді. Босатылған азаматтармен одан әрі олардың тұрғылықты мекенжайына байланысты пробация есебіне қойылып, олармен пробация қызметкерлері жұмыс жүргізеді.
– Абайсызда жол-көлік оқиғасын жасап, сот үкімімен осы мекемеде жазамды өтедім. Бүгін жаза өтеу мерзімі аяқталып, босатылып жатырмын. Мекеме қызметкерлері психологиялық көмектер көрсетіп, мәдени-спорттық іс-шараларға қатыстырды. Қанша дегенмен бостандыққа ештеңе жетпейді. Балаларымды сағындым. Олар да мені асыға күтіп отыр. Бүгінгі шарадан сала мамандарынан ақпарат алдым, жұмысқа орналасу, әлеуметтік-құқықтық көмек алу үшін қай жерге баруға болатынын білдім. Мекеме қызметкерлері мен қажетті ақпарат берген мамандарға алғысым шексіз, – деді мекемеден босатылған азамат.