Ақтөбе облысында «Мал ұрысы» ЖПІШ қорытындыланды
Ақтөбе облысында «Мал ұрысы» атты жедел-профилактикалық іс-шарасы қорытындыланды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Ауыл шаруашылығы жануарларының етін өткізу, сою, сақтау орындарын анықтау, мал сою пункттерін, малды заңсыз тасымалдауды белгілеу, сондай-ақ ет өнімдерін, базарларды қабылдау, сату пункттерін, ұрланған малдың терісін тексеру осы жедел-профилактикалық іс-шараның мақсаттары мен міндеттеріне кіреді. Ет өнімдерін жеткізушілердің құжаттарын тексеру жұмыстары жүргізілді.
Бұл жұмысты полиция қызметкерлері ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің аумақтық инспекцияларының өкілдерімен бірлесіп жүргізді. Жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында жүк және жеңіл автокөліктері тексерілді.
ҚР ӘҚБтК-нің 406-бабы (Қазақстан Республикасының ветеринария саласындағы заңнамасын бұзу) бойынша 32 бұзушылық анықталды. Сондай-ақ мал ұсталатын мекенжайларды тексеру нәтижесінде ҚР ӘҚБтК-нің 408-бабы (Ауыл шаруашылығы жануарларын жаю қағидаларын бұзу) бойынша 123 бұзушылық анықталды. Осы фактілер бойынша кінәлі тұлғалар әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Жыл басынан бері облыс аумағында мал ұрлығының 16 фактісі тіркелді, оның 10-ы ашылды.