Ақмола полицейлері құны 1 млн теңге болатын сепаратор ұрлығының бетін ашты
Ақмола полицейлері құны 1 млн теңге болатын сепаратор ұрлығының бетін ашты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
20 мамыр күні Бұланды аудандық полиция бөлімінің кезекші бөліміне жергілікті ауылдардың бірінің 63 жастағы тұрғынынан 5-16 мамыры аралығында белгісіз адамдар Вознесенка ауылындағы шағын сүт зауытының үй-жайынан әйнекті сындыру арқылы өнеркәсіптік сепараторды ұрлап кеткендігі туралы арызы келіп түсті.
Оқиға орнына келген полиция қызметкерлері сүт зауыты уақытша жұмыс істемейтінін және біраз уақыттан бері жабық тұрғандығын, күзет болмағанын анықтады. Залал сомасы 1 млн теңгені құрады.
Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында полицейлер 34 жастағы ер адамды анықтады. Қазіргі уақытта оның қылмысқа қатысы тексеріліп жатыр. Істің өзге мән-жайлары анықталып жатыр.
Аталған дерек ҚР ҚК-нің 188-бабының 3-бөлігі (Ұрлық) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізілімінде тіркелген.
Тергеу әрекеттері жалғасып жатыр.