СҚО-да полицейлер мен медицина қызметкерлері жүргізушілерге тексеру жүргізді
Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, жүргізушінің көлік тізгінінде ұйықтап кетуі түнгі жолдағы апаттардың болуына жиі себеп болады. Жүргізушілердің назарын осы мәселеге аудару үшін Солтүстік Қазақстан облысының полицейлері жедел жәрдем қызметінің мамандарымен бірлесіп 24-28 мамыр аралығында өткізілген «Жол-көлік оқиғасын тоқтатайық» акциясы шеңберінде ерекше рейд жүргізді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Түнгі уақытта жүргізушілердің шаршаңқылығы тексерілді. Қан қысымының, пульстің, сатурацияның бұзылуы шаршағандықтың белгілері саналады. Осындай бегілер Қостанайдан Астанаға көкөніс тасымалдап бара жатқан 36 жастағы Mercedes жүк көлігінің жүргізушісінен анықталды. Оның айтуынша, таңғы 6-да жолға шыққаннан тек бір жарым сағат қана үзіліс жасаған. Петропавл қаласы арқылы бірінші рет өтіп бара жатқандықтан, тәртіп сақшылары жол көрсетіп, оны жақын маңдағы фуралар тоқтап тұратын тұраққа жеткізді.
– Тек осы бір түнгі рейдтік іс-шарада 30 астам жүргізуші тексерілді. Рейд кезінде тек ауыр жүк көліктерінің ғана емес, жолаушы тасымалдаушы және жеңіл көліктердің жүргізушілері тексерілді. Бұдан бөлек, медицина қызметкерлері дәрі қобдишаларын тексерді. Жол қозғалысының барлық қатысушыларына еңбек пен демалыс режимін сақтауды еске саламыз. Қатты шаршаған күйде көлік басқаруға мүлдем болмайды. Жол жүрісі қағидаларының талаптарын қатаң сақтаңыздар, – дейді СҚО ПД жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Айдын Байматов.
Жыл басынан СҚО-да 64 жол-көлік оқиғасы тіркелді, салдарынан 5 адам көз жұмған, 108 адам жарақаттар алған. Жол-көлік оқиғаларының алдын алуға және апаттылықты азайтуға бағытталған іс-шаралар ұдайы жүргізіліп тұрады.