Елордада көлік құралын басқару құқығынан айырылған жүргізуші ұсталды
Елордада көлік құралын басқару құқығынан айырылған жүргізуші ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Аққайың көшесінде сағат 06:00 шамасында кезекті қызмет күнін атқарып жүрген патрульдік полиция полкінің қызметкерлері Volkswagen Polo автокөлігін тоқтатқан. Оны тексеру барысында жүргізушінің мас күйде болғаны анықталды.
Медициналық сараптама қорытындысына сәйкес, 32 жастағы жүргізуші «жеңіл» дәрежедегі алкогольдік масаң күйінде көлікті басқарған.
Көлікті басқарған Ақтөбе облысының тұрғыны ағымдағы жылдың сәуір айында көлікті басқару құқығынан және жүргізуші куәлігінен айырылғандығы белгілі болды. Ұсталған жүргізуші оған қарамастан, рөлге қайта отырған.
Мас жүргізушіге қатысты ҚР ҚК-нің 346-бабы 1-бөлігі (Көлiк құралдарын басқару құқығынан айырылған және алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның көлік құралын басқаруы) бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Автокөлік қоғамдық көлік тұрағына қойылды.
Аталған дерекке қатысты қазіргі уақытта тергеу жүргізіліп жатыр. Заңнамаға сәйкес жүргізуші 5 мың АЕК-ке дейінгі айыппұл төлеуге немесе бес жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Елордада бір түн ішінде мас күйде көлік басқарған 3 жүргізуші ұсталды. Жалпы жүргізушілер тарапынан 23 жол жүру ережесін бұзылып, оның ішінде 3 автокөлік пен 1 мотоцикл коммуналдық тұраққа қойылды.