“Qorgau”: Елордада 2 млрд 104 млн теңгеден астам сомаға әкімшілік құқық бұзушылықтар жасаған борышкерлерге хабарлама жолданды
Елорда полицейлері жол қозғалысы ережесін өрескел бұзғандарды анықтап жатыр, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жол қозғалысы ережелерін реттеуде және көлік тәртібін жақсартуда автоматты жүйелер маңызды рөл атқарады.
Астана қаласында 2022 жылдың сәуір айынан бастап “Qorgau” арнайы мобильді қосымшасы енгізілді. Оның мақсаты – құқық бұзған жүргізушілерді, әкімшілік айыппұлдарын төлемеген тұлғаларды анықтау.
Мәселен, “Qorgau” жүйесі іске қосылғаннан бері 2 млрд 104 млн теңгеден астам сомаға әкімшілік құқық бұзушылықтар жасаған 30 669 борышкер жүргізушіге хабарлама жолданды. 5 мыңға жуық әкімшілік құқық бұзушылық, оның ішінде 590-баптың 4-бөлігі бойынша яғни жалған мемлекеттік тіркеу нөмірімен көлік жүргізген 106 жүргізуші анықталды.
Сонымен қатар 612-баптың 1, 2-бөліктері бойынша көлік құралын басқаруға құқығы жоқ – 1594, 612-баптың 3, 4-бөліктері бойынша көлік құралын басқару құқығынан айырылған – 322 және 230-баптың 2-бөлігі бойынша сақтандыру полисінсіз жүрген – 3054 тәртіп бұзушы ұсталды. Атқарылып жатқан жұмыстардың нәтижесінде 923 мемлекеттік тіркеу нөмірі тәркіленіп, 1201 көлік коммуналдық тұраққа қойылды.
Полиция қызметкерлері бір ай ішінде 286 350 теңге сомасында 27 әкімшілік құқық бұзушылық жасаған, Ресей Федерациясында тіркелген “Datsun ON DO” автокөлігін басқарған Әзірбайжан Республикасының 42 жастағы азаматын анықтады. Қазіргі уақытта оның көлігі коммуналдық тұраққа қойылды, жүргізушіге әкімшілік айыппұлдары бойынша борышкер екендігі туралы хабарлама берілді.
Астана қаласының полиция департаменті азаматтарға жолда жүру ережелерін қатаң сақтап, барынша қырағы және мұқият болуды ескертеді.