Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Бөтеннің автокөлігінен алтын сағат ұрлаған астаналық тұрғын ұсталды

Бөтеннің автокөлігінен алтын сағат ұрлаған астаналық тұрғын ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Полицияға елорда тұрғыны арызбен жүгініп, белгісіз біреулер Subaru автокөлігінің салонынан оның жеке мүлкін ұрлап кеткенін хабарлаған. Жәбірленушінің айтуынша, ол кешкі уақытта көлігін автотұрақта қалдырғаны белгілі болды.

Жедел-іздестіру іс-шараларын өткізу барысында Алматы ауданы ПБ криминалдық полиция қызметкерлері елорданың 42 жастағы тұрғынын анықтады.

Полицияға жеткізілген ер адам автотұрақтың жанынан өтіп бара жатып, көліктің салонынан құнды заттарды байқағанын айтты. Есіктің тұтқасын тартып көріп, көліктің құлыпталмағанына көз жеткізген күдікті, ішке кіріп, әйелдер сөмкесін, алтын сағат және басқа да заттарды алып кеткен.

Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Ер адамның елорда аумағында жасалған басқа да осыған ұқсас қылмыстарға қатысы бар-жоғы анықталып жатыр.

Астана қаласының полиция департаменті күзет дабылымен жабдықталмаған немесе иелері байқаусызда ашық қалдырған көліктер көбінесе заңсыз кіруге ұшырайтынын еске салады.

Автокөліктен ұрлық жасалмау үшін, қысқа уақытқа кетіп бара жатсаңыз да көлікті құлыптаңыз, машинаны қауіпсіздік камераларының жанында немесе күзеті бар тұраққа қойыңыз.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру