Талдықорғанда үйлердің қабырғаларынан есірткі сайттарының штрих-кодтарын өшіру жұмыстары жүріп жатыр
Талдықорғанда нашақорлықтың алдын алуға бағытталған “Есірткісіз қала” науқаны өтіп жатыр, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Полицейлер мен жергілікті тұрғындардан құрылған еріктілер тұрақты негізде қала бойынша үйлерді аралап, қабырғалардағы есірткі сайттарын жарнамалайтын түрлі штрих-кодтар мен жазуларды өшіру жұмыстарын жүргізіп жатыр.
– Аула аралау кезінде қала тұрғындарына нашақорлыққа қарсы тақырыптағы буклеттер мен брошюралар таратылады. Біз кеңес береміз, адамдарға, әсіресе жасөспірімдер мен жастарға синтетикалық және басқа да есірткілердің зияны туралы түсіндіреміз. Есірткі қылмысы үшін жауапкершілік туралы еске саламыз. Өңірде есірткінің таралуына жол бермеу жұмыстарына азаматтарды тартуға тырысамыз, – деп хабарлады облыстық есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы.
Жыл басынан бері өңірде заңсыз айналымнан 30 келіден астам түрлі есірткі заттары тәркіленді. Есірткі құқық бұзушылық және есірткі қылмыстарын жасады деген күдікпен 80 адам жауапқа тартылды, оның ішінде 17 есірткі сатушы.