Елордада танысының көлігін заңсыз айдап кеткен күдікті Балқашта ұсталды
Елордада ер адам танысының көлігін заңсыз айдап кетіп, Балқашқа жеткен, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Криминалдық полиция қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу кезінде, қылмыс жасауға қатысы бар 23 жастағы жас жігітті анықтады. Тергеу барысында белгілі болғаны, күдікті Шымкент қаласынан елордаға жұмыс іздеп келіп, қонақүйде қалған. 33 жастағы ер адаммен танысып, онымен бірге ішімдік ішкен. Жаңа танысының ұйықтап қалғанын пайдаланып, оның BMW автокөлігін айдап кетуді ойлаған. Осылайша жәбірленушінің барсеткасынан автокөліктің кілтін және банк карталары және Samsung телефонымен қоса алып кеткен.
Жедел-іздестіру шараларын жүргізу барысында Алматы ауданы ПБ қызметкерлерімен Балқаш қаласында ер адам ұсталды.
Осы факті бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде, ер адам мойындау айғақтарын берді және заттай дәлелдемелер алынды. Оның елорда аумағында бұрын жасалған қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексеріліп жатыр.