Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Талдықорғанда жыл басынан бері балалардың қатысуымен 17 жол апаты тіркелді

Талдықорғанда жыл басынан бері балалардың қатысуымен 17 жол апаты тіркелді, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Жазғы демалыс кезеңінде, өкінішке орай, кәмелетке толмағандардың қатысуымен болатын жол-көлік оқиғаларының саны өседі. Жаз мезгілі басталысымен апаттарға көбінесе мопед пен скутерлердің жас жүргізушілері себепкер болады. Жасөспірімдер жол ережелерін мүлдем білмей рөлге отырады. Балаға осындай сыйлық ұсынған ата-ана көбінесе оның салдары туралы ойланбайды. Сонымен қоса олар өз балаларының денсаулығы мен өміріне қауіп төндіреді.

– Жыл басынан бері Талдықорғанның өзінде балалардың қатысуымен 17 жол-көлік оқиғасы болған. Оның негізгі себебі – балалардың жол қозғалысының қарапайым ережелерін білмеуі, тәртіпсіздік, немқұрайлылық, сондай-ақ ата-аналардың жеткіліксіз қадағалауы, – деді Талдықорған қалалық ПБ ППР командирі Руслан Примжанов.

Талдықорғандық патрульдік полицейлер қос дөңгелекті автокөлік иелері арасында жол қозғалысы мен жеке қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтау қажеттілігі туралы нысаналы ақпараттық түсіндіру жұмыстарын ұйымдастырды.

– Соңғы уақытта облыс орталығының жолдарында электрсамокаттар саны артты, бұл полицейлерді екі есе қырағы болуға міндеттейді. Екі дөңгелекті көліктердің жүргізушілері самокаттың 70 км/сағ қауіпті жылдамдыққа жетуі мүмкін екенін есте ұстауы керек. Бұл тек өзіне ғана емес, айналасындағыларға да үлкен қауіп төндіреді. Тәжірибе көрсеткендей, баламалы көлік түрлерінің көбеюі жолдарда жарақат алудың өсуіне әкеледі. Біз өз кезегінде олардың алдын алу үшін барлық қажетті профилактикалық шараларды қолға алып жатырмыз, – деп атап өтті Р. Примжанов.

Құрметті ата-аналар! Балаларыңызға 16 жасқа толғанға дейін скутер мен мопед сатып алмаңыз. Ал егер сіз 16 жасқа толған балаңызды әперуді шешсеңіз, онда оның қауіпсіздігін ойлап, балаңызға қамқорлық жасаңыз, қажетті қосымша жабдықтармен қамтамасыз етіңіз. Ең бастысы – оған теориялық және тәжірибелік көлік жүргізу дағдыларын үйретіңіз!

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру