Шымкенттік полицейлер қалааралық такси жолаушысынан 10 келіден асатын марихуана тапты
Шымкенттік полицейлер қалааралық такси жолаушысынан 10 келіден асатын марихуана тапты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
«Қарасора – 2023» ЖПІШ барысында қабылданған кешенді шаралардың нәтижесінде есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері патрульдік полицейлермен бірлесіп есірткінің ірі партиясын тасымалдауды тоқтатты.
Түнгі уақытта Жібек жолы көшесіндегі қаланың кіре берісінде тәртіп сақшылары Тараз – Шымкент қалалары арасында жолаушылар тасымалымен айналысатын Opel көлігін тоқтатты.
Таксидің бүкіл салонын жалға алған әйелдің үлкен жол сөмкесін тексергенде, жедел уәкілдер есірткіге ұқсас заттары бар полипропилен пакетін тапты.
– Сараптама қорытындысына сәйкес тәркіленген заттар жалпы салмағы 10 келіден асатын кептірілген марихуана екендігі анықталды. Аталған жайт Қаратау АПБ-да есірткі заттарын аса ірі мөлшерде өткізу мақсатында тасымалдау бабы бойынша СДТБТ-ға тіркелді. Күдікті қамауға алынды, – деді тергеуші Сержан Кеңес.
Айта кететін жайт, аталған қылмысты жасағаны үшін ҚР ҚК-де 10 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.