Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Абай облысының полицейлері жалғызбасты әкеге көмектесті

Абай облысы бойынша ҚАЖД-ға қарасты №20 мекеме қызметкерлері «Мектепке жол» науқанын ұйымдастырды. Олар облыс тұрғыны, жалғызбасты әкенің балаларына оқуға қажетті жабдықтар алып берді, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Полицейлер көмек берген Дулат есімді азамат жалғызбасты әке. Оның жарынан айырылғанына жеті жылдан астам уақыт болған. Жан-жары бас миының обыры ауруынан дүние салғанда үлкен қызы екі жаста болса, екінші ұлы бір жаста, кенжесі небәрі 5 айлық нәресте болған. Отанасы өмірден өткеннен кейін үйдің де, түздің де шаруасы жалғыз Дулаттың мойнына жүктелген.

Мемлекет жалғызбасты әкеге көмек ретінде берген баспана түк қалмай өртке оранып, кішкентай үш баламен далада қалғанда басына қиын күндер түскен отбасыға семейліктер жұмыла жәрдемдесіп, баспана алып берген.

Бүгінде балалардың үлкені 4-сыныпта оқыса, екі ұлы 2 сыныпқа барады. Балаларын жалғыз өсіріп жатқан әкеге көмек қолын созған №20 мекеме қызметкерлері балалардың өздерін ертіп жүріп, мектепке қажетті киімдері мен аяқ киімдерін, сөмке және оқу құралдарын алып беріп, тәттілермен қуантқан.

– Аталған науқан бізде жыл сайын 1 қыркүйек қарсаңында ұйымдастырылады. Бұл шара біздің мекеменің дәстүріне айналған. Жалғызбасты аналарға қиын дейміз, алайда жалғызбасты акелерге одан да қиын. Бала – өмірдегі ең таза жаратылыс. Болашақ ұрпақ – елдің келбеті, ал сол ұрпағымыздың жай-күйін ойламасақ елдігіміз қайда, – деді мекеме бастығының тәрбие жұмыстары бойынша орынбасары Айдын Калелов.

– Ананың көңілі балалар үшін әрине бөлек қой, алайда аналарын жоқтатпауға тырысамын. Қолымнан келгенше әрекет жасаймын. №20 мекеме қызметкерлеріне алғысым шексіз. Болашақта бір балам полиция қызметкері, енді біреуі өрт сөндіруші болса, қызым дәрігер болса деген арманым бар. Қиналғанда сүйеу болатын қазақ деген елім тұрғанда алға қарай ұмтыла беремін, – деді жалғызбасты әке Дулат.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру