Елорда полицейлері топтық төбелеске қатысушыларды ұстады: күдіктілердің бірінен қару тәркіленді
Елорда полицейлері топтық төбелеске қатысушыларды ұстады. Күдіктілердің бірінен қару тәркіленді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жанжал Астананың түнгі клубтарының бірінде, күзетші мен клубқа келуші арасында болған.
Кейінірек “102” арнасына Қарағанды тас жолында жол жиегінде топтық төбелес жүріп жатқаны туралы хабарлама келіп түсті.
Оқиға орнына келген полиция қызметкерлері құқық бұзушылықтың жолын кесіп, 17 оқиғаға қатысушыны анықтап, полиция бөліміне жеткізді.
Тергеу жүргізу барысында, төбелеске түнгі клуб күзетшілері мен келушілердің қатысқанын анықтады. Жанжал барысында қатысушылардың бірі атыс қаруын қолданып, бірнеше рет оқ атқан.
Тергеу іс-шаралары барысында полицейлер тегіс ұңғылы мылтықты тауып, тәркіледі.
Аталған қылмысты жасағаны үшін кінәлі тұлғалар Астана қаласы ПД уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Қазіргі уақытта оқиғаның қалған қатысушыларын анықтау және ұстау бойынша жедел-іздестіру іс-шаралары жалғасып жатыр. ҚР ҚК 293-бабының 3-бөлігі (Бұзақылық) бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тергеу нәтижелері бойынша төбелеске қатысушылардың әрқайсысының іс-әрекетіне құқықтық баға берілетін болады.