Көкшетауда «Папилон» АДАЖ арқылы қылмыс ашылды
Көкшетауда «Папилон» автоматтандырылған дактилоскопиялық ақпараттық-іздеу жүйесі көмегімен қылмыс ашылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Криминалистердің қызметте ең заманауи құралдары бар – бұл электронды-оптикалық аспаптар, цифрлық фото, аудио және бейне жабдықтар, компьютерлік жүйелер мен бағдарламалық кешендер. Олардың көмегімен көптеген қылмыстар ашылды, азаматтардың жеке басы анықталды.
Қылмыскерлерді іздеуге көмектесетін құралдардың бірі – «Папилон» автоматтандырылған дактилоскопиялық ақпараттық-іздеу жүйесі. Ол саусақ ізі карталарының электрондық дерекқорын және ашылмаған қылмыс орнынан алынған қол іздерін құруды, сақтауды және пайдалануды қамтамасыз етеді.
Сондай-ақ, «Образ+++» автоматтандырылған ақпараттық-іздестіру жүйесі негізінде қалыптастырылған жедел мүдделі тұлғалардың фотосуреттерін компьютерлік есепке алу жүргізіледі.
Қолда бар криминалистикалық есепке алу бойынша, жыл басынан бері жедел-криминалистикалық басқарманың қызметкерлері ұрлық, бұзақылық, есірткі заттарының заңсыз айналымы және басқа да қылмыстардың ашылуына ықпал еткен 26 оң нәтиже анықталды.
Көкшетау қаласының полиция басқармасына 67 жастағы зейнеткердің өз үйінде қайтыс болғаны туралы ақпарат келіп түсті. Оқиға орнына келген тәртіп сақшылары ер адамның көптеген сүйектерінің сынықтары мен ауыр жарақаттардан қайтыс болғанын алдын-ала анықтады.
Осы фактіге қатысты полицейлер ҚР ҚК 106-бабы (Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру) бойынша сотқа дейінгі іс жүргізуді бастады.
Сарапшылар қаскүнемнің қалдырған саусақ іздері сәйкестендіруге жарамды екенін анықтады. «Папилон» АДАЖ деректер базасы бойынша Астана қаласының 51 жастағы тұрғыны анықталды. Ол дереу ұсталып, уақытша ұстау изоляторына орналастырылды.