Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

БҚО-да полиция ардагерлері су тасқынының алдын алу шараларына белсене қатысып жатыр

БҚО-да полиция ардагерлері су тасқынының алдын алу шараларына белсене қатысып жатыр, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Елді-мекендерді су апатынан қорғау жұмыстарына еріктілермен бірге ішкі істер органдарының ардагерлері де ортақ іске бірікті. Көмекке келуге бел буған ардагерлер кеңесінің мүшесі Юрий Темірғазиев ардагерлер мүшесінің әлеуметтік желідегі чатына азаматтарға қол ұшын беру бағытында үндеу жариялайды. Осы сәтте БҚО полиция департаментінің Ардагерлер кеңесінің төрағасы Еділхан Жұмашев айтылған ұсынысты қолдап, су апатынан қорғау ісіне қала, ауыл тұрғындарына көмек көрсетуімізді сұрады. Содан бір ауыздан келіскен бірнеше ардагерлер қатарынан еріктілер тобы құрылып, Оралда Жайық өзенінің тасқынына тосқауыл қою, шаһарды аман алып қалу бағытында кешенді жұмыстар жүргізуге ат салысты. Еріктілермен бірлескен ардагерлер бірнеше мекенжайға бөлінді.

– Мұндай жағдайда көмекке келу әрбір азаматтың міндеті. «Елім» деген ер болмаса, елімізді кім қорғайды? Өскелең ұрпаққа үлгі болайық, қиын жағдайда көмек көрсетейік деп шыққан жайымыз бар, – деді 73 жастағы ақсақал, тәлімгерлер кеңесінің төрағасы Бектібай Блекешев .

Халқымызда бабалардан келе жатқан «Ел басына күн туса, ер етікпен су кешер» деген даналық сөз бар. Осы бір мақал дәл осындай қазақ еліне күн туып, даласын су шайып, алаңдатқан шақта айтылса керек. Салмағы ауыр сөз. Ерлерімізді етігімен су кештіруге жазбасын деп тілеген халықпыз. Осынау қиын-қыстау кезеңде Батыс Қазақстан облысында су апатымен күресуде және оның алдын алу бағытында полиция департаментінің, төтенше жағдайлар департаментінің, облыстық және қалалық мемлекеттік мекемелер мен басқармалардың, коммуналдық қызметтердің қызметкерлері, еріктілердің еңбегі орасан зор. Олар, су басқан нысандарды сорып алу, техниканың көмегімен қосымша қорғаныс бөгеттерін көтеру, арықтар қазу, су айдау жұмыстарын жүргізіп, жан-жақты шаралар қолдануда.

Еске сала кетейік, облыс бойынша су тасқынына қарсы жұмыстарға барлығы 700-ден аса полиция қызметкері мен 100-ге жуық қызметтік техника жұмылдырылды. Полиция қызметкерлері су кеткен елді-мекендерде күшейтілген режимде қызмет атқарып, эвакуацияланған елді мекендердегі азаматтардың мүлкін қорғау үшін тәуліктік кезекшіліктер орнатып, қауіпсіздікті қамтамасыз ету жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру