8 адамға терезе орнатамын деп алдап, ақшаларын жымқырған күдікті ұсталды
Көкшетау қаласы полиция басқармасының криминалдық полиция бөлімінің қызметкерлері «Сарыарқа» ықшам ауданында тұратын 8 тұрғынның өтініші бойынша бұрын жасалған қылмысты ашты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Зардап шеккендердің барлығы бір дауыспен тәртіп сақшыларына 2022 жылдың желтоқсанында белгісіз пластикалық терезе орнатушы алдын-ала төлем алып, өз міндеттемелерін орындамағанын және жоғалып кеткенін айтты.
Полицейлер бірден ҚР Қылмыстық кодексінің 190- бабы (Алаяқтық) бойынша сотқа дейінгі іс жүргізуді бастады.
Қылмыстың жасалу мерзімін ескере отырып, күдіктінің жеке басын анықтау қиын болды. Алайда осы жылдың сәуір айында жедел-іздестіру шараларынан кейін СҚО-ның 29 жастағы тұрғынын ұстады. Күдікті өз ісін мойындап, уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Осыған байланысты тәртіп сақшылары азаматтарға мұқият болуды, өз қызметтерін ұсынатын күмәнді адамдарға ақшаларын нотариалды куәландырусыз бермеуді ескертеді.