Шымкентте үздік полицейлердің ата-аналарына төсбелгілер табысталды
Шымкентте үздік полицейлердің ата-аналарына төсбелгілер табысталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Іс-шара жас қызметкерлердің ант қабылдау рәсімімен басталды. Ішкі істер органдарының қатарына қабылданған 25 полицей қызметтік міндеттерін адал атқаруға ант берді.
Полиция ғимаратының плацына жиналғандарды департамент бастығы Думан Таев мерекемен құттықтап, заңнаманы қатаң сақтауға, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, қылмысқа қарсы күрес, сондай-ақ азаматтардың құқықтарын қорғау жолында адал қызмет ету қажеттілігін атап өтті.
Мерекелік іс-шара жұмыс барысында жауапты міндетті арқалап, қоғам тыныштығын күзетуде ерең еңбек еткен қызметкерлерді марапаттаумен жалғасты. 100-ден астам тәртіп сақшысы ҚР ІІМ мен қалалық ПД-ның грамотасы, алғыс хаты және арнайы төсбелгілермен марапатталды. Бұл күні үздік полицейлердің ата-аналары да назардан тыс қалмады. Оларға «Үздік офицердің анасы» және «Үздік офицердің ақесі» төсбелгілері табысталды.
Іс-шара полиция департаментінің хоры мен талантты қызметкерлердің орындауындағы патриоттық әндер шырқалған концерттік бағдарламамен аяқталды.