Жетісу облысында мотоциклді мас күйде басқарған тұрғын ұсталды
Жетісу облысында мотоциклді мас күйде басқарған тұрғын ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жетісу облысының патрульдік полиция батальонының қызметкерлері «Құқықтық тәртіп» жедел-профилактикалық іс-шара барысында Ескелді ауданы Көкжазық ауылында рейдтік іс-шаралар жүргізу кезінде Hummer мотоциклін мас күйде басқарған жергілікті тұрғынды ұстады.
– Бұған дейін аталған жүргізуші көлік құралын мас күйінде жүргізгені үшін екі рет ұсталған. Осы қылмыстық құқық бұзушылықты жасағаны үшін ол 5 жыл мерзімге бас бостандығынан айырылуы мүмкін, – деп атап өтті ПД ППБ командирінің орынбасары Қайрбек Қанатбеков.
Алкоголь қабылдаудың түрлі теріс әсері барын түсіну қажет: мас жүргізушіде жол жағдайының өзгеруіне реакция жылдамдығы төмен болады. Жүргізуші бағдаршам белгілерін, белгілеу сызықтарын ажырата алмайды. Ал қараңғы уақытта жаяу жүргіншіні мүлдем байқамауы да мүмкін.