Астанада техника жөндеу шеберханасына түскен ұры құрықталды
Астанада техника жөндеу шеберханасына түскен ұры құрықталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Ұялы телефондардың ұрланғаны туралы полицияға техника шеберханасының иесі хабарлады. Жәбірленушінің айтуынша кешкі уақытта белгісіз адам үй-жайға заңсыз кірген.
Алматы ауданы ПБ криминалдық полиция қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу кезінде бұрын сотталған 39 жастағы астаналықты анықтады.
Тергеу барысында ер адамның Күйші Дина көшесіндегі кеңселер орталығына келгені белгілі болды. Техника шеберханасының есігі ашық қалғанын байқаған қаскүнем қылмыстық оймен үй-жайға кірген. Ол Samsung және Redmi ұялы телефондарды алып кеткен.
Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Ер адам мойындау көрсетпелерін берді, заттай дәлелдемелер тәркіленді, елорда аумағында бұрын жасалған осыған ұқсас қылмыстарға қатысы бар-жоғын тексеру жүргізіледі.
Астана қаласының полиция департаменті тауарлық-материалдық құндылықтар сақталатын үй-жайлардың иелеріне сақ болуды, бейнебақылау камераларын орнатуды, қауіпсіздік шараларын қолдануды ұсынады.