Абай облысында құрылыс материалдарын жымқырған тұрғын ұсталды
Абай облысында құрылыс материалдарының ұрлануына байланысты қылмыстық іс қозғалды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Абай облысының полиция қызметкерлері Семей қаласында болған ұрлықты тергеп жатыр.
Полицияға қаланың 50 жастағы тұрғынынан оның учаскесінен едәуір көлемде құрылыс материалдарының ұрланғаны туралы арыз түсті.
Жәбірленушінің айтуынша, ұрлық 2024 жылдың наурыз айынан бастап бірнеше ай бойы жалғасқан. Белгісіз тұлға 400 құрылыс кірпішін, 25 ағаш бағанын және едәуір көлемде сазды ұрлап кеткен. Шығынның жалпы сомасы арызданушының бағалауы бойынша 282 500 теңгені құраған.
Арыз түскеннен кейін полиция қызметкерлері күдіктіні анықтау және оқиғаның мән-жайын білу мақсатында жедел-іздестіру шараларын қолға алды. Нәтижесінде күдіктінің жеке басы анықталды. Ол Семей қаласының 40 жастағы тұрғыны болып шықты.
Ұрлық фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.
Алдағы тергеу барысында қылмыстың нақты мән-жайы, сондай-ақ мүлікті ұрлауға қатысты қосымша эпизодтардың бар-жоғы анықталады.