Астана полицейлері ұрланған балалар арбасын иесіне қайтарды
Астана полицейлері балалар арбасының ұрлығын ашты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Елордалық полицейлер балалар арбасын ұрлауға қатысы бар күдіктіні анықтады.
27 жастағы жергілікті тұрғын кіреберістен өзіне тиесілі арбаның жоғалып кеткенін анықтады. Ол мүлкін баспалдақ алаңында қалдырған, әйелдің айтуынша, ол бұған дейін де осылай жасаған. Алайда келесі күні таңертең балалар арбасы жоғалып кеткен.
Жәбірленуші оқиға туралы полицияға хабарлаған.
Көп ұзамай Нұра ауданының криминалдық полиция қызметкерлері қаскүнемнің жеке басын анықтады. Ол 42 жастағы шетелдік болып шықты. Тексеру барысында ер адамның сол жақ жағалаудағы үйлердің бірінің кіреберісіне кіріп, еркін қол жеткізу арқылы Cybex балалар арбасын жасырын ұрлап кеткені анықталды. Шығын сомасы шамамен жарты миллион теңгені құрады.
Ер адам ұрлық жасағанын мойындады. Қазіргі уақытта заң бұзушыға қатысты қылмыстық іс тіркелді. Тексеру жүргізіліп жатыр.
Астана қаласының полиция департаменті азаматтарға сақ болуды және бағалы заттарды қараусыз қалдырмауды ескертеді.