БҚО-да пробация саласына жаңа технологиялар енгізіліп жатыр
БҚО-да пробация саласына жаңа технологиялар енгізіліп жатыр, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Бүгінгі таңда Батыс Қазақстан облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің Бөкей ордасы аудандық пробация қызметі сотталғандардың есепке алынуы мен бақылауын жақсарту мақсатында жаңа технологияларды енгізуде. Атап айтқанда бас бостандығынан айырылмаған тұлғалардың тіркелуін жеңілдету үшін арнайы биометриялық терминал орнатылды, ал соттың міндеттерін бұзғандарды бақылау үшін электрондық бақылау құралдары қолданылады.
2021 жылы аудандық прокуратураның бастамасымен іске қосылған биометриялық терминал сотталғандардың саусақ іздері мен бет-әлпеті арқылы олардың пробация қызметіне келуін автоматты түрде тіркейді. Әр профилактикалық әңгімелесуден кейін терминал саусақ іздерін сканерлеп, олардың келіп-кеткенін растайды.
Сот белгілеген міндеттерін орындамаған сотталғандарға биылғы жылы электрондық бақылау құралдары тағылып, олардың қозғалысы арнайы жүйе арқылы бақыланады. Бұл құрылғылардың көмегімен мәліметтер пробация қызметінің компьютерлеріне жіберіліп, нақты уақыт режимінде тексеріледі.
Осындай заманауи технологияларды қолдану пробация қызметінің жұмысын жеңілдетіп, қызметкерлердің уақытын үнемдеуге ықпал етеді.