Қызылордада қаза тапқан ҚАЖ қызметкерлерін еске алуға арналған турнир өтті
Қызылорда облысында қылмыстық-атқару жүйесінде қызмет барысында қаза тапқан қызметкерлерді еске алуға арналған дәстүрлі спорттық турнир өтті. Бұл шараны ҚАЖ департаментінің тәрбие және кадр жұмысы тобы мен Ардагерлер кеңесі ұйымдастырды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Турнирдің негізгі мақсаты – қызметтік міндеттерін атқару кезінде қаза болған әріптестердің есімін құрметпен еске алып, олардың ерліктерін ұрпақ жадында сақтау.
Турнирдің ашылу салтанатына ҚАЖ департаментінің басшылығы мен Ардагерлер кеңесінің мүшелері қатысты. Ардагерлер кеңесінің төрағасы Талғат Шәкіұлы ашылу барысында сөз сөйлеп, қызмет бабында қаза тапқан қызметкерлердің батылдығы мен адалдығын ерекше атап өтті.
– Қызмет барысында қаза болған әріптестеріміздің адалдығы мен жауапкершілігін еске алып, олардың рухына құрмет көрсету – біздің азаматтық борышымыз, – деді ол.
Футболдан өткен турнирге ҚАЖ департаментінің құрамасы, № 37, 68, 60 мекемелерінің командалары және Ардагерлер құрамасы қатысты. Турнир жоғары деңгейде ұйымдастырылып, әр команда өз шеберліктерін паш етті. Ойындар тартысты өтіп, қатысушылар жеңіске жету үшін бар күш-жігерін салды.
Жарыс нәтижесінде ҚАЖ департаментінің құрамасы турнирдің жеңімпазы атанып, бірінші орынды иеленді. Жеңімпаздарға алғыс хаттар мен ақшалай сыйлықтар табысталды. Екінші орынды Ардагерлер командасы, ал үшінші орынды 37 мекеменің командасы жеңіп алды. Турнир барысында жеке номинациялар иелері де анықталды. «Үздік шабуылшы» атағы Қармақшы аудандық пробация қызметінің аға инспекторы Жақсыбек Жүнісовке бұйырды. ‘»Үздік қорғаушы» атағы Аян Досановқа берілді. ‘Үздік қақпашы» атағын ҚАЖ департаментінің ардагері Асылжан Абдрашитұлы иеленді.
Бұл турнир тек спорттық жарыс қана емес, сонымен қатар қызмет жолында қаза болған әріптестерді еске алуға арналған маңызды шара болды.