Павлодарда бір тәулікте жол қауіпсіздігіне қатысты 424 әкімшілік құқық бұзушылық анықталды
Полиция қызметкерлері жол қозғалысын қадағалау барысында жол ережелерін өрескел бұзуға ерекше мән беруде. Тек бір тәулікте өткізілген профилактикалық іс-шара барысында жол қауіпсіздігіне қатысты 424 әкімшілік құқық бұзушылық анықталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Олардың ішінде жылдамдықты асыру бойынша – 102 жағдай, жолаушыларды тасымалдау ережелерін сақтамау – 47, маневр жасау қағидаларын бұзу – 41, автокөлік жүргізу кезінде телефон пайдалану – 20, бағдаршамның тыйым салынған белгісіне өту – 8 жағдай тіркелген. Сонымен қатар жаяу жүргіншілерге жол бермеу – 18, жаяу жүргіншілердің жол ережелерін бұзуы – 61, жарықты күндіз пайдалану талаптарын сақтамау – 38, ал түнде – 2 жағдай, мас күйінде автокөлікті басқару – 8, жүргізу құқығы жоқ адамның көлік басқаруы – 6 фактісі анықталды.
Әртүрлі құқық бұзушылықтар үшін 10 автокөлік арнайы тұраққа қойылды.
Мысал ретінде Аққулы ауданы Қарақала ауылында ИЖ-Юпитер мотоциклін басқарған жүргізушінің ұсталуын айтуға болады. Әңгімелесу барысында оның алкогольдік иіс шығарып тұрғаны байқалды. Медициналық куәландыру нәтижесі оның мас екенін растады. Осыған байланысты жүргізушіге әкімшілік хаттама толтырылып, іс сотқа жіберілді.
Екібастұз қаласында Б.Момышұлы көшесін патрульдеу кезінде патрульдік полиция ротасының қызметкерлері MGS автокөлігін басқару құқығы жоқ жүргізушіні тоқтатты. Жол ережесін өрескел бұзғаны үшін жүргізушіге әкімшілік хаттама толтырылды. Оған елу айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салу немесе он тәулікке әкімшілік қамауға алу шарасы қарастырылған. Көлік арнайы тұраққа қойылды.
Павлодар облысы ПД жергілікті полиция қызметі бастығының орынбасары Азамат Күркебаев жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтау қажеттігін атап өтті.
Полиция қызметі 8-10 қараша аралығында Павлодар облысында «Қауіпсіз жол» республикалық жедел-профилактикалық шарасының өткізілетінін еске салады.