Павлодар облысында батыр-полицейлердің қатысуымен “Ерлік сабақтары” өтті
Павлодар облысында батыр-полицейлердің қатысуымен “Ерлік сабақтары” өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Павлодар облысында полицейлердің ерлігі мен батылдығын дәріптейтін “Ерлік сабақтары” өткізіліп жатыр. Бұл шара – жас ұрпақтың жүрегіне ерлік пен адамгершілік ұрығын себетін тағылымды кездесу.
Ерлік – батырлыққа бастар жол. Қазіргі таңда полицейлердің еңбегі мен ерлігін бағалау қиын. Олар күнделікті өмірде өз өмірін қатерге тігіп, адам өмірін құтқарып, бейбітшілік пен тәртіпті сақтау жолында аянбай еңбек етуде.
Павлодар қаласының оқу орындарында жас кадеттер, оқу орталығының курсанттары және мектеп оқушыларымен мазмұнды кездесулер өтті. Бұл кездесулерде облыстық полиция департаментінің кадр қызметі өкілдері полицейлердің жанқиярлық әрекеттері туралы баяндады.
Сәуір айында Аққулы ауылында учаскелік инспектор Елдос Қойкен суға батып бара жатқан әйелді құтқарып қалды. Бір секунд та ойланбастан өзенге секірген ол екі баланың анасын ажалдан арашалап қалды. Елдос Қойкеннің ерлігі мемлекет тарапынан жоғары бағаланып, Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен “Ерлігі үшін” медалімен марапатталды.
Жаз айында Павлодар облысы Ақтоғай ауданы полиция бөлімінің аға тергеушісі Ердәулет Мәкімов кезекті демалысы кезінде өзенде батып бара жатқан екі баланы құтқарып қалды. Ол күшті ағынға қарамастан екі рет суға секіріп, балаларды жағаға аман-есен шығарды. Осы ерлігі үшін Ердәулет Мәкімов “Суға батқандарды құтқарғаны үшін” медалімен марапатталды.
Осы кездесулердің арқасында оқушылар батыр полицейлермен жүздесіп, олардың аузынан ерлік оқиғаларын тыңдады.
– Мектепке келген батыр-полицейлерді көріп, қуандым. Олар туралы Instagram-да оқығанмын. Бүгін олардың өзінен ерлік оқиғаларын тыңдап, болашақта өзімді полиция қызметімен байланыстырғым келді. Полиция қатарында осындай батырлардың болғаны – үлкен мақтаныш, – деді Павлодар қаласындағы “Жас сарбаз” мектебінің 11-сынып оқушысы Никита Савельев.
Кездесу барысында оқушылар өз жетістіктері мен жобаларын таныстырып, батырларға жылы лебіздерін білдірді. Бұл кездесулердің әсері ұзақ сақталып, жастарды жаңа жетістіктер мен батыл қадамдарға шабыттандырды.
Павлодар облысының полиция департаменті батыр-полицейлердің қатысуымен осындай кездесулерді барлық білім беру мекемелерінде тұрақты түрде өткізуді жоспарлап отыр. Бұл игі дәстүр жас ұрпақты тәрбиелеудің маңызды құралы болмақ.
Ерлік – ұрпаққа мұра, жұртшылыққа үлгі.