Абай облысында сотталғандар арасында суицидтің алдын алу мақсатында шығармашылық сайыс өтті
Абай облысында сотталғандар арасында суицидтің алдын алу мақсатында шығармашылық сайыс өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Абай облысындағы қауіпсіздігі аралас мекемеде сотталғандар арасында «Менің жанұям» тақырыбында суицидтің алдын алу бағытында шығармашылық сайыс ұйымдастырылды. Бұл бастама сотталғандардың эмоционалдық ахуалын жақсартуға және отбасылық құндылықтарды дәріптеуге бағытталды.
Сайысқа бес сотталған қатысып, жүлделі үш орын иеленді. Қатысушыларға шығармашылық жұмыстарын орындау барысында отбасыларының фотосуреттерін алдына қою ұсынылды. Бұл әдіс олардың ішкі жан дүниесін ашуға, туыстық сезімдерін нығайтуға көмектесті. Сайыс нәтижесінде жанұяның болашақтағы бейнесін қағаз бетіне шебер жеткізе білген үш қатысушы марапатталды.
Мекеменің маман-психологы Арай Кәдірбекованың айтуынша, мұндай шаралар сотталғандардың бойындағы қорқыныш пен жағымсыз эмоцияларды жеңілдетіп қана қоймай, өзін-өзі тануға, болашаққа сеніммен қарауға және өмірді бағалауға үйретеді.
– Әлеуметтік байланыстарды нығайту – қылмыстық-атқару жүйесіндегі маңызды бағыттардың бірі, – дейді психолог.
Сайыс сотталғандардың жанұялық құндылықтарын қайта бағалап, өмірге деген құштарлығын арттыруға сеп болды.