БҚО-да сотталғанға арнайы есту аппаратына тапсырыс берілді
БҚО-да сотталғанға арнайы есту аппаратына тапсырыс берілді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Батыс Қазақстан облысы бойынша ҚАЖД-ға қарасты №28 мекемеде жазасын өтеп жатқан III-топ мүгедегі Ж. үшін ерекше маңызы бар оңалту шарасы ұйымдастырылды. ҚР ҚК 96-бабының 2-бөлігі бойынша сотталған азаматтың денсаулығын жақсарту мақсатында қажетті көмек көрсетіліп, өмір сапасын арттыруға бағытталған нақты қадам жасалды.
Сотталған азаматтың сенімхаты мен электрондық цифрлық қолтаңбасы арқылы «Батыс Қазақстан облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы» мемлекеттік порталы арқылы арнайы есту аппаратына тапсырыс берілді. Құрылғыны жеткізу мен орнатуды ұйымдастыру барысында мекеме қызметкерлері белсенділік танытты.
24 желтоқсанда қызметкер Назерке Құлмағанбетованың жетекшілігімен Ж. Орал қаласындағы «Радуга слуха» медициналық орталығына жеткізілді. Мұнда сотталған азаматтың есту қабілетін тексеру және аппаратты бейімдеу жұмыстары жүргізілді. Заманауи технологияларға негізделген «Signia» фирмасының жоғары сапалы есту аппараты оның жеке ерекшеліктеріне сай арнайы дайындалып, құлаққап арқылы дыбыстарды қабылдау мүмкіндіктері бірнеше рет реттелді.
Құрылғыны тиімді пайдалану үшін сотталған азаматқа арнайы нұсқаулық беріліп, қосалқы 72 дана батарея мен 1 жылдық кепілдік ұсынылды. Дәрігерлер аппараттың артықшылықтарын түсіндіріп, оның ұзақ мерзімді пайдалануына барлық жағдай жасады.
Жаңа құрылғыны қолдана бастаған сәтте Ж. ұзақ уақыт бойы алғаш рет жан-жағындағы дыбыстарды естіп, терең толқынысқа түсті. Ол көрсетілген көмектің жоғары деңгейі мен жанашырлықты ерекше атап өтіп, өз ризашылығын білдірді.
№28 мекемеде мүмкіндігі шектеулі сотталғандарға әлеуметтік көмек көрсету шаралары уақытылы әрі сапалы жүзеге асырылады. Ж. өзінің мүгедектігіне байланысты жәрдемақы алып, тұрмыс сапасын жақсарту үшін қолдануда.
Бұл оқиға – оңалту бағдарламаларының нәтижелі екенін көрсететін, адамгершілік құндылықтардың сақталуының жарқын үлгісі.