Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

ШҚО әкімі полиция қызметкерлерінің еңбегін жоғары бағалады

ШҚО әкімі полиция қызметкерлерінің еңбегін жоғары бағалады, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Шығыс Қазақстан облысының әкімі Ермек Көшербаев бүгін облыстық полиция департаментінде өткен гарнизондық саптық тексеруге қатысып, құқық қорғау органдарының қызметкерлерін келе жатқан жаңа жыл мерекесімен құттықтады.

Өңір басшысы өз сөзінде полиция қызметінің қоғам өміріндегі маңызды рөлін ерекше атап өтіп, бұл кәсіптің ерен ерлік, жоғары кәсібилік және зор жауапкершілік талап ететінін жеткізді.

– Сіздер күн сайын қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етіп, азаматтардың тыныштығы мен заңдылықтың сақталуы үшін қызмет етесіздер. Алдағы жыл сіздерге зор денсаулық, жаңа жетістіктер мен сәттіліктер әкелсін! Еңбектеріңізге адалдық танытқандарыңыз үшін алғыс білдіремін, – деді Ермек Көшербаев.

Кездесу барысында әкім қызмет барысында ерекше көзге түскен тәртіп сақшыларын марапаттап, автоматтандырылған «Кибер Шериф» мобильді кешенінің жұмысымен танысты. Ол мұндай заманауи технологиялардың полиция қызметінің тиімділігін арттырып, қоғамдық тәртіпті нығайтуға ықпал ететінін атап өтті.

ШҚО полиция департаментінің бастығы Ерлан Омарбеков те әріптестерін құттықтап, үздік нәтиже көрсеткен қызметкерлерге алғыс хаттар мен марапаттар табыстады. Ол құқық қорғау саласындағы жұмысты одан әрі жетілдіру қажеттілігіне тоқталып, қоғам тыныштығы мен заңдылықты қамтамасыз етудегі полицияның маңызды міндеттерін еске салды.

– Заңдылықты сақтау, тәртіпті қамтамасыз ету және азаматтармен әрдайым сыпайы қарым-қатынаста болу – біздің басты қағидатымыз. Заң мен әділдік – полиция қызметінің негізі, – деп атап өтті ол.

Кездесудің қорытындысында Ерлан Омарбеков полиция қызметкерлерінің қоғам мүддесін қорғауға, кәсібиліктің жоғары стандарттарын ұстануға және азаматтардың сенімін нығайтуға әрдайым дайын екенін жеткізді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру