Абай облысы бойынша ҚАЖД-ның жас қызметкерлері ғасыр жасаған майдангермен жүздесті
Абай облысы бойынша ҚАЖД-ның жас қызметкерлері ғасыр жасаған майдангермен жүздесті, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Абай облысындағы қауіпсіздігі аралас мекеменің жас қызметкерлері "Ардақты ардагерім" акциясы аясында 99 жасқа келген Екінші дүниежүзілік соғыс ардагері Иван Шевцовпен кездесті.
Ғасыр куәгері атанған майдангер жауынгерлік жолы жайлы естеліктерімен бөлісіп, жас ұрпаққа өнегелі өмірінің сырын ашты. Ол 80 жылдық Жеңіс күнін көруді армандайтынын айтып, өзіне көрсетілген құрметке ризашылығын білдірді.
Семей қаласының әлеуметтік қызметтер көрсету орталығының маманы Жанар Искақованың айтуынша, Иван Шевцов жуырда оңалту орталығында емделіп қайтқан, қазіргі таңда денсаулығы жақсы.
Иван Шевцов Алтай өлкесінің Антоновка ауылында дүниеге келген. Соғыс жылдарында Қызыл әскер қатарына шақырылып, Польша мен Чехословакияны азат ету шайқастарына қатысқан. Майдандағы ерлігі үшін II дәрежелі Отан соғысы ордендерімен және "Қызыл Жұлдыз" медалімен марапатталған.
Соғыстан кейін бейбіт өмірге белсене араласып, "Қазэлектромонтаж" кәсіпорнында учаске бастығы қызметін атқарған.
Кездесу барысында мекеме қызметкерлері қарт майдангерге бейбіт өмір мен бақытты болашақ үшін алғыс айтып, ұзақ ғұмыр, мықты денсаулық тіледі. Жылы лебізбен қатар, естелік сыйлықтарын табыс етті.