Қарағанды облысында ПД бастығы үкіметтік емес ұйым өкілдерімен кездесті
Қарағанды облыстық полиция департаментінің бастығы Негмет Исмагулов үкіметтік емес ұйым өкілдерімен кездесті, — деп хабарлайды Polisia.kz.
Кездесу барысында облыс аумағында қылмыспен күрес, қоғамдық қауіпсіздікті қадағалау жолында үкіметтік емес ұйым өкілдерімен бірлесіп қызмет атқару мәселесі талқыланды.
– Біз бүгін биылғы жылы сіздермен бірлесіп атқаратын жұмыстарды талқылайтын боламыз. Өткен жылы атқарылған профилактикалық жұмыстардың арқасында құқық бұзушылықтың төмендегені байқалады. Азаматтардың құқықтарын сақтауда, жанұяда, нашақорлықтың алдын алуда көптеген жұмыстар атқарылды. Атап айту керек, бұл жұмыстарда сіздердің үлестеріңіз орасан зор, — деді кездесу барысында Қарағанды облыстық полиция департаментінің бастығы Негмет Исмагулов.
Полиция департаменті есірткі қылмысының алдын алу, отбасындағы тұрмыстық зорлық-зомбылық, адам саудасына тосқауыл қою сияқты мәселелер бойынша қоғамдық ұйымдармен тығыз қарым-қатынаста жұмыс атқарады. Былтырғы жылы есірткіге қарсы “102”, қолайсыз отбасылардың жағдайын тексеру және оларға көмек көрсету бойынша 500 рейдтік іс-шаралар өткізілсе, отбасындағы тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесі бойынша 297 адам әлеуметтік қолдау орталықтарында оңалтудан өткен.
— Бүгінгі таңда полиция департаменті өңірдегі 15 үкіметтік емес қоғамдық ұйыммен бірлесіп жұмыс атқаруда. Облыс бойынша қиын жағдайға тап болғандарды орналастырып, олармен жұмыс жасайтын 9 Оңалту орталығы жұмыс істеп жатыр. Сол жерлерде бүгінгі күнге дейін 300-ге жуық адам оңалтудан өтті, — деді жиында сөз сөйлеген департамент бастығының бірінші орынбасары Жасқайрат Қайыров.
Ішкі істер министрінің биылғы жылды “Профилактика” жылы деп жариялағанын ескерсек, осы бағытта үкіметтік емес ұйымдарды қоғамдық қауіпсіздік пен қылмыстың алдын алуға бағыттау өңірдегі құқық бұзушылықты азайтуға үлес қосуға септігін тигізеді дейді мамандар.
— Мемлекеттік ұйымдармен бірлесе жұмыс істеу бізге де тиімді. “Сеніммен болашақ” қоғамдық бірлестігі бірнеше бағыттар бойынша жұмыстар жасаймыз. Соның көбі полиция департаментімен бірлесе өтеді. Ол жаңағы буллинг, кибербуллинг, лудоманияға қарсы, есірткіге қарсы күрес және жасөспірімдердің арасында болып жататын құқық бұзушылық. Біз жоғарғы оқу орындарымен, колледждермен, жасөспірімдермен, оның ішінде ең бастысы ата-аналармен жұмыс жасағанда үнемі заң алдындағы, қоғамның алдындағы, тіпті адам баласының өзінің алдындағы жауапкершілігі туралы айтамыз, — дейді “Сеніммен болашақ” қоғамдық ұйымының басшысы Индира Токмурзина.
Жиын соңында департамент бастығы Негмет Исмагулов кездесуге келген қоғамдық ұйымдардың басшыларымен ел тыныштығын сақтау жолында бірлесіп атқаратын жұмыстар бойынша мемарандумға қол қойып, қылмыспен күресте белсенділік танытып жүрген үкіметтік емес ұйым өкілдеріне алғыс хаттар табыстады.