Биыл Ұлттық ұлан қызметкерлері түзеу мекемелеріне 140 телефонды өткізу әрекеттерін тоқтатты
Жыл басынан бері Ұлттық ұлан қызметкерлері түзеу мекемелеріне 140 телефонды өткізу әрекеттерін тоқтатты, — деп хабарлайды Polisia.kz.
ҚР ІІМ Ұлттық ұланның әскери қызметшілері қылмыстық-атқару жүйесі қызметкерлерімен бірлесіп, жазалау орындарына және тыйым салынған заттарды өткізу мен тасымалдаудың жолын кесу бойынша жұмыстарын жалғастыруда.
Қазіргі уақытта Ұлттық ұланның қарауылдау және әскери жасақ бақылаушылары Қазақстанның қылмыстық-атқару мекемелерін қорғауда. Күн сайын осы мекемелердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету және жазасын өтеушілердің тәртібін бақылау үшін 2 мыңға жуық әскери қызметші кезекшілік атқарады.
Биыл күзет қызметі мен әскери жасақ бақылаушылары тыйым салынған заттарды өткізудің 20 оқиғасын болдырмады.
140 телефон, 152 SIM-карта, 45 пышақ пен өткір құрал, 420 гр. астам марихуана, 20 литр спирттік сусындар тәркіленді. 17 заң бұзушы ұсталып, тергеу-жедел топқа тапсырылды.
Айта кетейік, қылмыстық-атқару жүйесінде заңдылық пен тәртіпті сақтау Ұлттық ұланның маңызды міндеттерінің бірі.