Ақмола полицейлері алаяқтықтың алдын алған банк қызметкерлеріне алғысын білдірді
Ақмола полицейлері алаяқтықтың алдын алған банк қызметкерлеріне алғысын білдірді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Instagram әлеуметтік желісіндегі Ақмола облысы полиция департаментінің ведомстволық парақшасына жазылушыдан алғыс сөздер келіп түсті. Ол полиция қызметкері әкесіне алаяқтардың құрбаны болмауға көмектескенін айтып, ризашылығын білдірді.
Бұл оқиға Атбасар тұрғындарын бірнеше рет қылмыскерлерден құтқарған қылмыстық іздестірудің аға лейтенанты Ғалымжан Мархабаттың жұмысына қатысты. Бұған дейін де оның кәсібилігі үшін полиция департаментіне алғыс хаттар түсіп жатқан.
Полицейдің айтуынша, алаяқтықтың алдын алуда банк қызметкерлері басты рөл атқарған. Белгісіз адамдар қарт азаматқа қоңырау шалып, өздерін Ұлттық банктің қызметкерлері ретінде таныстырып, оның шоттары бойынша күмәнді операциялар жүргізіліп жатқанын хабарлаған. Қаскүнемдер оған шамамен 4 миллион теңгеге несие рәсімдеуге көндірген. Абыржыған ер адам қарыз рәсімдеу үшін Атбасардағы банктердің біріне барған.
Дегенмен банктің қырағы қызметкерлері алаяқтық әрекет екенін сезіп, күдіктенген. Олардың ескертулеріне қарамастан, ер адам сенбеген және несиені рәсімдеуді жалғастыра берген. Осы кезде банк қызметкерлері тәжірибелі полиция қызметкері Ғалымжан Мархабатқа хабарласып, көмек сұраған.
– Мен банкке келгенде ер адам тыңдаудан үзілді-кесілді бас тартты, алаяқтармен сөйлескеніне сенбеді. Мен оның қызының байланыс мәліметтерін алып, оған қоңырау шалып, жағдайды түсіндірдім. Ол әкесін тез тоқтатуға көндірді, — дейді полиция қызметкері.
Ғалымжан Мархабат осы орайда банк қызметкерлеріне ұқыптылығы мен қамқорлығы үшін алғысын білдірді. Атап айтқанда, ол Атбасар қаласындағы «Home Credit Bank» АҚ бөлімшесінің басқарушысы Ксения Күзембаева мен клиенттермен жұмыс жөніндегі менеджер Вера Гагаринаның жұмысын жоғары бағалады.
– Адамдар өз жұмысын істеп қана қоймай, басқаларға көмек көрсететіні қандай жақсы, — деп қорытындылады полиция қызметкері.