Погон таққан батыр аналар: Атырау полициясында алтын және күміс алқа иегерлері қызмет етеді
Олар – қызметте қатаң тәртіптің үлгісі, ал үйде – балаларына мейірім мен жылулық сыйлайтын аяулы жандар. Қоғам тыныштығын күзетіп, халық қауіпсіздігі үшін аянбай еңбек етіп жүрген көпбалалы аналар Айсұлу Аиденова, Інжу Қалиева және Надежда Ахметкалиева – отбасына да, қызметіне де адал жанашыр жандар. Олар нәзік болмысын темірдей тәртіппен үйлестіріп, ұрпақ тәрбиесіне де, ел игілігіне де үлес қосып келеді. Батыр аналар туралы ақпаратты Polisia.kz сайтынан оқыңыздар.
Қос міндетті абыроймен атқарған аналар
Әйел – өмірдің өзегі, мейірімнің мекені, отбасының шырағы ғана емес, қоғамның да тірегі. Олар қызмет пен отбасын тең ұстау арқылы өзгелерге үлгі бола алады. Солардың қатарында Атырау облысының құқық қорғау саласында аянбай еңбек етіп жүрген үш батыл ана бар. Олар – қоғам тыныштығын күзетіп, өз балаларына ғана емес, өзгенің де ұл-қыздарына қорған бола білген тәртіп сақшылары: полиция капитаны Айсұлу Аиденова, полиция капитаны Інжу Қалиева және полиция майоры Надежда Ахметкалиева. Бұл нәзік жандылар – аналық мейірім мен темірдей тәртіпті үйлестіре білген жанашыр жандар.
Алтын жүректі полицей
Айсұлу Аиденова – жеті баланың аяулы анасы, қоғам алдындағы жауапкершілігін абыроймен атқарып жүрген кәсіби маман. Ол – Жылыой аудандық полиция бөлімінің ювеналды полиция тобының аға инспекторы, полиция капитаны. Жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу, қиын жағдайға тап болған балаларға қолдау көрсету – оның басты міндеті. Ішкі істер органдарында 2015 жылдан бері қызмет етіп келе жатқан Айсұлу Жолдасқызы өзінің адалдығы мен біліктілігінің арқасында әріптестерінің де, қарапайым халықтың да құрметіне ие болған.
Қоғамдық тәртіпті сақтаудағы еңбегі елеусіз қалған емес. Ол бірнеше мәрте марапатталып, тіпті 2023 жылы ҚР Ішкі істер министрлігі ұйымдастырған "Бұрымды ару" байқауында да ерекшеленді. Бірақ ең үлкен марапаты – оның алтын құрсақты ана атануы. Көпбалалы ана ретінде "Алтын алқа" төсбелгісін кеудесіне тағып, елдің демографиялық дамуына да үлес қосып келеді.
Қызмет пен отбасын тең ұстаған Інжу Төреханқызы
Інжу Төреханқызы Қалиева – "Күміс алқа" иегері, Жылыой аудандық полиция бөлімінің учаскелік инспекторы, полиция капитаны. Оның құқық қорғау саласындағы еңбек жолы 2014 жылы басталды. Жасөспірімдер инспекторы болып қызмет етіп, бүгінде қоғамдық тәртіпті қадағалайтын учаскелік полиция қызметкеріне айналды.
Қызметтің қиындығына қарамастан, ол отбасының берекесін сақтап, алты баласын тәрбиелеп келеді. Жолдасы Жайжан Бақытжан екеуі 2002 жылы шаңырақ көтеріп, үш ұл, үш қызды өмірге әкелді. Ұлдарының бірі анасының жолын қуып, құқық қорғау саласында қызмет етуді мақсат етсе, өзгелері де өз болашақтарын айқындап келеді.
– Қызметте тәртіп қатаң, ал үйде – жылулық пен мейірім. Отбасым – менің ең үлкен тірегім. Осындай сенімнің арқасында әр күн сайын халықтың қауіпсіздігі үшін еңбек етіп келемін, – дейді полиция капитаны.
Күміс алқалы Надежда Ахметкалиева
Надежда Ахметкалиева – қызметіне адалдық танытқан кәсіби маман ғана емес, алты баланың ардақты анасы. Ол да "Күміс алқа" төсбелгісінің иегері. Надежда бала күнінен полиция қызметкері болуды армандап, осы жолды таңдаған. 2008 жылдан бері көші-қон қызметінен бастап, штаб инспекторына дейінгі түрлі жауапты қызметтерді атқарды. Бүгінде әріптестеріне ғана емес, қоғамға да жанашырлық танытып, құқық қорғау саласында абыроймен еңбек етуде.
Қызметіне деген жауапкершілігімен қатар, ол аспаздыққа ерекше қызығушылық танытады. Үш аспаздық шеберлік сабағына қатысып, өз ісін жетілдіре түскен.
– Дәмді тағам – бұл жай ғана тамақ емес, жақындарыңа жылулық пен қамқорлық сыйлау, – дейді ол.
Отбасы – Надежданың өмірінің мәні. Жолдасы Ерлан екеуі үш ұл, үш қыз тәрбиелеп отыр. Балаларының әрқайсысының арманы мен талпынысын қолдап, олардың болашағы жарқын болуы үшін еңбек етіп келеді.
2024 жылғы 23 желтоқсанда оның еңбегі мемлекеттік деңгейде бағаланып, «Күміс алқа» төсбелгісімен марапатталды.
Бұл үш ана – тек өз балаларының емес, бүкіл қоғамның қорғаны. Олар отбасылық жылулық пен қызметтік қатаңдықты үйлестіре білген жанашыр жандар. Олардың еңбегі мен ерлігі – бүгінгі және келер ұрпақ үшін үлкен өнеге.
Халықтың тыныштығы мен қауіпсіздігін күзетіп, балалардың жарқын болашағы үшін аянбай еңбек етіп жүрген осындай аналар қандай мақтауға да лайық!