Антына адал, сертіне берік шенді ару
8 наурыз - Халықаралық әйелдер күні қарсаңында Polisia.kz сайтының тілшісі полициядағы кадр саласында өзіндік орны бар, жұмыстың қыр-сырын жетік білетін білікті маман Қасиет Нұрабаева жайлы айтып береді.
Кез келген салада ұйымшыл команда құру үшін кадр қызметінің жұмысы бірінші орында тұрады. Ал полиция департаментіндегі тәрбие және кадр жұмысы басқармасы қызметкерлерінің кәсібилігі мен жұмысына деген адалдығы, жалпы департаменттің жетістігі мен азаматтардың полицияға деген сенімі үшін маңызды рөл атқаратыны даусыз.
Бүгінгі біздің кейіпкеріміз - Түркістан облысы полиция департаменті тәрбие және кадр жұмысы басқармасы ұйымдастырушылық-штаттық жұмысы тобының ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Қасиет Нұрабаева. Оның негізгі міндеті - Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілеріне ұйымдастырушылық-штаттық жұмысы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу бойынша ұсыныстар әзірлеу.
Жаңарудың негізгі тетігі білікті кадрларға тікелей байланысты десек, Қасиет заман талабын терең түсініп, жаңаша ойлайтын және қолынан іс келетін кәсіби маманның бірі. Департаменттегі кадрларды іріктеу мен дайындауда шенді аруымыздың атқарып жүрген қызметі асқан жауапкершілікті талап етеді. Ал ол осы міндетті 17 жылдан бері жоғары деңгейде атқарып, кәсіби біліктілігін шыңдаған жан.