Оралда пробация қызметі қылмыстың алдын алуға бағытталған жүйелі жұмыс жүргізуде
Оралда пробация қызметі қылмыстың алдын алуға бағытталған жүйелі жұмыс жүргізуде, - деп хабарлайды Polisia.kz.
2025 жыл – елімізде "Профилактика жылы" деп жарияланды. Осыған орай, Орал қалалық пробация қызметі қайта қылмыс жасаудың алдын алу бағытында ауқымды жұмыстар жүргізіп келеді. Жыл басынан бері пробация қызметі Орал қаласы полиция басқармасының жергілікті полиция қызметімен және қалалық прокуратурамен бірлесіп, пробациялық бақылауда тұрған азаматтармен тұрақты түрде рейдтік шаралар ұйымдастыруда.
Аталған шаралар шеңберінде түнгі уақытта – сағат 22:00-ден таңғы 06:00-ге дейін сотталғандардың тұрғылықты мекенжайлары бойынша мобильді жұмыс топтары рейд жүргізеді. Бұл топтар сотпен белгіленген талаптарды орындаудың барысын бақылап, құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында тікелей байланыс орнатады.
Сонымен қатар пробация қызметінің мамандары күн сайын ақпараттық жүйе арқылы электрондық бақылау құралдарымен жабдықталған сотталғандардың қозғалысын жіті қадағалап отыр. Апта сайын өткізілетін тексерулер нәтижесінде бүгінгі күні 150-ден астам тәртіп бұзушылық анықталды. Олардың 75-і – қасақана жасалған бұзушылықтар.
Әрбір дерек бойынша сотталғандармен профилактикалық әңгімелесу жүргізіліп, құқық бұзушылыққа себеп болған жағдайлар талданады. Пробация қызметі осы деректерді негізге ала отырып, тиісті ұсыныстар дайындайды. Соның нәтижесінде, жазаны өтеу тәртібін қасақана бұзған 32 сотталғанның жазасы бас бостандығынан айыру түріне ауыстырылды.
Қайта қылмыстың алдын алудағы бұл кешенді шаралар – қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі маңызды қадам. Пробация қызметі пробациялық есептегі азаматтардың құқықтық сана-сезімін арттырып, олардың қоғамға бейімделуіне жан-жақты қолдау көрсетуді жалғастыра береді.