Абай облысындағы әйелдер колониясында “Кітап сыйла” акциясы өтті
Абай облысындағы әйелдер колониясында “Кітап сыйла” акциясы өтті, — деп хабарлайды Polisia.kz.
23 сәуір – Қазақстанда алғаш рет Ұлттық кітап күні аталып өтілуде. Бұл жаңа мереке Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен оқу мәдениетін насихаттау және отандық әдебиетті қолдау мақсатында енгізілді. Бұл күнді белгілеу туралы қаулы 2024 жылғы 16 шілдеде күшіне енді.
Осыған орай, Абай облысы бойынша ҚАЖД-ніың №23 әйелдер түзеу мекемесінде Абай облысы Жарма ауданының кітапхана қорымен бірлесіп ұйымдастырылған “Кітап сыйла” атты қайырымдылық акциясы өтті. Іс-шараның мақсаты — мекеме кітапханасын толықтырып, сотталғандарға кітап оқу, өзін-өзі дамыту және рухани байыту мүмкіндігін сыйлау.
Акция аясында колонияға шамамен 150 көркем, ғылыми-көпшілік және оқу басылымдары тапсырылды: классикалық шығармалар, заманауи романдар, психология, анықтамалық әдебиет. Ерекше көңіл жеке дамуға және әлеуметтік бейімделуге көмектесетін кітаптарға бөлінді.
— Кітап оқу сотталған әйелдерге күнделікті қиындықтардан арылып қана қоймай, өмірін қайта ой елегінен өткізуге, жаңа бағыт табуға көмектеседі, — деді тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасар Анар Сабиева.
Ұйымдастырушылар барлық қатысушыларға алғыс айтып, қолдау мен мейірімділіктің тіпті темір тордың ар жағындағы тағдырларды өзгертуге қауқарлы екенін атап өтті.