Алматыда полиция заң мен тәртіпті сақтау шараларын күшейтті
Алматыда полиция заң мен тәртіпті сақтау шараларын күшейтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Алматы қаласында қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында 28-30 сәуірі аралығында "Құқықтық тәртіп" республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы өтіп жатыр. Бұл шара еліміздегі құқықтық тәртіп пен қоғамдық тыныштықты нығайтуға бағытталған ауқымды науқан аясында іске асырылып отыр.
Іс-шараның негізгі мақсаты – ірі мегаполистегі қылмыстық жағдайды тұрақтандыру, құқық бұзушылықтар мен қылмыстардың алдын алу, жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету, сондай-ақ әкімшілік және басқа да заң бұзушылықтардың алдын алу мен анықтау.
Шара барысында азаматтардың көп жиналатын орындарына – көшелерге, аулаларға, демалыс және ойын-сауық орындарына ерекше назар аударылуда. Рейдтік тексерулер ұйымдастырылып, тұрғындармен профилактикалық әңгімелер жүргізілуде. Сонымен қатар, жол қозғалысына қатысушылар арасында түсіндіру жұмыстары кеңінен қолға алынған.
Алматы қалалық полициясы Мемлекет басшысы ұсынған "Заң және Тәртіп" қағидасын қатаң ұстана отырып жұмыс жүргізуде. Ішкі істер министрлігі жариялаған "Профилактика жылы" аясында полиция қызметі "Полиция – заң мен тәртіптің кепілі" ұранымен жүйелі жұмыстар атқаруда.
– Полицияның басты міндеті – құқық бұзушылықтарды дер кезінде анықтау және олардың жолын кесу, қылмыстың алдын алып, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету. "Құқықтық тәртіп" іс-шарасы қоғамдық тәртіпті нығайтып, тұрғындардың құқықтық санасын арттыруға бағытталған. Қаладағы тәртіп пен тыныштықты тек бірлескен күш-жігер арқылы ғана қамтамасыз ете аламыз, – деді Алматы қалалық полиция департаментінің жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Серік Шумаев.