Маңғыстау облысында қайталанатын құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатындағы ашық сот отырысы өтті
Бейнеу аудандық сотында бұрын бас бостандығын шектеу жазасына тартылған Б. есімді сотталған азаматқа қатысты ашық сот отырысы өткізілді, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Маңғыстау облысы бойынша ҚАЖД Бейнеу аудандық пробация қызметінің есебінде тұрған бұл тұлға жазаны өтеу тәртібі мен шарттарын жүйелі түрде бұзып, пробациялық бақылаудан жалтарған. Осыған байланысты, сот шешімімен қалған жаза мерзімі — 2 жыл 8 ай 16 күн — жалпы режимдегі түзеу мекемесінде өтеуге ауыстырылды.
Аталған іс ашық форматта қаралып, сот отырысына пробация есебінде тұрған және қайталама құқық бұзушылыққа бейім, тәуекел тобына жататын сотталған азаматтар арнайы шақырылды. Мұндай шаралардың негізгі мақсаты — есептегі тұлғалар арасында құқықтық мәдениетті қалыптастыру, заңға құрметпен қарау көзқарасын орнықтыру және қайталама құқық бұзушылықтың алдын алу.
Бейнеу аудандық пробация қызметі өз жұмысында құқықтық сауаттылықты арттыруға, есептегі азаматтарды тәртіпке баулуға және оларды қоғамға бейімдеуге бағытталған кешенді профилактикалық шараларды тұрақты түрде жүзеге асырып келеді.