Қарағанды облысында полиция мен тұрғындар тазалықты бірлесе қамтамасыз етуде
Қарағанды облысында полиция мен тұрғындар тазалықты бірлесе қамтамасыз етуде, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Қарағанды облысында "Таза Қазақстан" республикалық экологиялық акциясы аясында құқық қорғау органдары мен қоғам белсенділері тазалықты сақтау және экологиялық құқық бұзушылықтардың алдын алу бағытында нәтижелі жұмыс жүргізуде. Бірлескен іс-шаралар нәтижесінде бүгінгі күнге дейін рұқсат етілмеген 180-ге жуық қоқыс алаңы анықталып, толықтай жойылды.
Әлеуметтік желілер де экологиялық тәртіпті нығайтуда тиімді құралға айналуда. Мәселен, Instagram желісінде жергілікті тұрғын су қоймасы маңында қоқыс төгілгені туралы бейнежазба жариялағаннан кейін, полиция қызметкерлері жедел әрекет етіп, құқық бұзушыны анықтап, жауапкершілікке тартты. Белгіленбеген жерге қалдық тастағаны үшін 10 жүк көлігі айып тұрағына қойылып, иелеріне тазалау міндеттелді.
Екі айлық экологиялық шара барысында облыс полицейлері 5 мыңнан астам санитарлық норманы бұзу дерегін тіркеген. Сонымен қатар абаттандыру ережелерін жүйелі түрде бұзғаны үшін 200-ден астам заңды тұлға, оның ішінде құрылыс нысандарының иелері мен мекеме басшылары жауапқа тартылды.
Тәртіп бұзушылықтар үшін жауап бергендердің қатарында 5 мемлекеттік мекеме бар. Сонымен қатар қызмет көрсететін аумақтарда тазалық талаптарын орындамаған 14 ПИК (ОСИ) төрағасы мен 12 көпқабатты тұрғын үйге жауапты тұлға жауапқа тартылды.
Жыл басынан бері облыс бойынша 16 мыңнан астам санитарлық талап пен абаттандыру ережесін бұзу фактісі тіркеліп отыр. Бұл көрсеткіш экологиялық мәдениетті арттыру, қоршаған ортаны қорғау және елді мекендердің санитарлық жағдайын жақсарту бағытында қоғам мен полицияның бірлескен әрекетінің маңыздылығын көрсетеді.