Көкшетауда шетелдіктен интернет-алаяқтыққа арналған SIM-box құрылғысы тәркіленді
Көкшетауда шетелдіктен интернет-алаяқтыққа арналған SIM-box құрылғысы тәркіленді, - деп хабарлайды Polisia.kz.
"Anti-fraud" жедел-алдын алу іс-шарасы аясында Ақмола облысы прокуратурасының үйлестіруімен Көкшетау қаласында киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері алаяқтық мақсатта қолданылған арнайы құрылғыны анықтады. Тексеру барысында 21 жастағы шетел азаматының интернет-алаяқтық әрекеттеріне пайдаланған SIM-box құрылғысы тәркіленді.
Аталған құрылғы Қазақстан аумағында виртуалды абоненттік нөмірлерді заңсыз тіркеу және оларды интернет-алаяқтық жасау мақсатында пайдалану үшін қолданылған. Тергеу барысында құқық қорғау органдары күдіктіден трафикті басқаруға арналған құралдарды, ноутбукты, бірнеше ұялы телефон мен Wi-Fi роутерін тапты. Алдын ала мәліметтерге сәйкес, бұл құрылғылар азаматтарды алдау үшін қолданылған.
Аталған факті бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 213-бабы 2-бөлігі – ұялы байланыстың абоненттік құрылғыларының идентификациялық кодын заңсыз өзгерту бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Киберқылмыспен күрес қызметі азаматтарды цифрлық қауіпсіздікті сақтауға және белгісіз нөмірлер мен күмәнді сілтемелерге сақ болуға шақырады.