Абай облысындағы әйелдер колониясында аспаздық бойынша шеберлік сабағы өтті
Абай облысындағы әйелдер колониясында аспаздық бойынша шеберлік сабағы өтті, — деп хабарлайды Polisia.kz.
Абай облысы бойынша ҚАЖ департаментіне қарасты №23 әйелдер колониясында суық тағамдар мен тіскебасарлар дайындау бойынша алғашқы шеберлік сабағы өтті. Іс-шараның мақсаты — білім беру бағдарламаларын қазіргі еңбек нарығының талаптарына бейімдеу және кәсіби оқытудың сапасын арттыру.
Мұндай шеберлік сабағы алғаш рет ұйымдастырылып отыр. Аспаздық курстар бостандыққа шығатын сотталған әйелдердің қоғамға қайта бейімделуіне көмектеседі. Іс-шараға онға жуық сотталған әйел қатысып, бұл мамандықты игеруге белсенділік пен қызығушылық танытты.
Шеберлік сабағын Жарма технологиялық колледжінің директор орынбасары Райгүл Итбаева жүргізді. Іс-шараның негізгі тақырыбы — “Суық тағамдар мен тіскебасарлар” болды. Қатысушылар аспаздық негіздерімен, санитарлық талаптармен, қауіпсіздік ережелерімен және өндірістік ас үйде еңбекті ұйымдастыру тәртібімен танысты. Сонымен қатар, оқытудың жаңа әдістері, заманауи тағам әзірлеу технологиялары және қоғамдық тамақтану саласындағы өзекті бағыттар талқыланды.
— Қойылған міндеттерге сәйкес, еңбек нарығындағы сұранысты ескере отырып, ҚАЖ жүйесіндегі мекемелерде сотталғандарды кәсіби даярлау курстарын жаңарту, халықаралық ұйымдар мен бизнесті тарту жоспарланған. Осыған байланысты ҚАЖ мекемелеріндегі білім беру ұйымдарымен және “Атамекен” ҰКП өңірлік өкілдіктерімен бірлесіп, сотталғандарды кәсіби даярлаудың оқу бағдарламалары мен әдістемелерін жаңарту бойынша жұмыс жүргізу ұсынылды. Шеберлік сабағы аясында ұсынылған курстарды үйренуге әйелдер аса қызығушылық танытты. Бұл — бостандыққа шыққаннан кейін қоғамға сәтті бейімделуге көмектесетін сұранысқа ие білім мен дағдыларды меңгеруге бағытталған маңызды қадам, — деді сотталғандарды еңбекке ұйымдастыру жөніндегі аға инспектор Алтынай Ұлтамбаева.