Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Ақмолада полицейлер мектеп оқушыларымен заң мен тәртіп идеологиясы жайында кездесу өткізді

Ақмолада полицейлер мектеп оқушыларымен заң мен тәртіп идеологиясы жайында кездесу өткізді, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Ақмола облысының Красный Яр ауылында мектеп оқушылары құқық қорғау органдары өкілдерімен алғаш рет "Қоғамда заң мен тәртіп идеологиясын ілгерілету тұжырымдамасы" тақырыбында кездесті. Бұл іс-шара – тұрақты әрі қауіпсіз қоғам қалыптастыру жолындағы маңызды қадамдардың бірі саналады.

Кездесуге Ақмола облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары Серік Абуталипов төрағалық етті. Сондай-ақ Краснояр ауылдық округінің әкімі Макиш Серікжан, ақын, жазушы әрі саясаттанушы Арман Бердалин, Ақмола облыстық кикбоксинг федерациясының президенті, облыстық ПД жанындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу кеңесінің мүшесі Александр Герасимов қонақ ретінде шақырылды. Іс-шараны Көкшетау қалалық полиция басқармасының қызметкерлері ұйымдастырды.

Шақырылған спикерлер жастармен өткізілетін мұндай кездесулердің маңыздылығын ерекше атап өтті. Ерте жастан құқықтық сана мен адамгершілік құндылықтарды қалыптастыру – ұлт болашағының негізі екені айтылды. Оқушылар заңды, тәртіпті және жеке жауапкершілікті неғұрлым ерте ұғына бастаса, қылмыссыз әрі қауіпсіз қоғам құру мүмкіндігі де арта түспек.

— Ата-аналар балаларына жарқын болашақ сыйлау үшін бар күш-жігерін салып еңбек етеді. Дегенмен жастар өмірдің оңай жолмен келмейтінін түсінуі керек. Ата-анаға деген құрмет, дұрыс ортаны таңдай білу және адамгершілік қағидаларды ұстану – тәрбиенің өзегі, - деді Арман Бегалин.

Өз кезегінде Александр Герасимов спорттың, тәртіп пен өзін-өзі сыйлаудың тұлға қалыптастырудағы маңызды рөлін атап өтті.

Кездесу залы оқушыларға лық толы болды, жасөспірімдер әрбір сөзді зейін қойып тыңдады. Мұндай кездесулер буындар арасындағы өзара түсіністік пен жастардың заңға, отбасына және қоғамға деген жауапкершілігін қалыптастыруда тиімді алаң ретінде бағаланып отыр.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру