Абай облысында 50-ден астам сотталған әйел маммографиядан өтті
Абай облысында 50-ден астам сотталған әйел маммографиядан өтті, — деп хабарлайды Polisia.kz.
Қазақстан Республикасының 2019 жылғы 26 желтоқсандағы №982 қаулысымен бекітілген 2020–2025 жылдарға арналған денсаулық сақтауды дамытудың мемлекеттік бағдарламасы аясында халықтың нысаналы топтарын жаппай профилактикалық медициналық тексерулерден немесе скринингтік зерттеулерден өткізу көзделген. Осыған сәйкес, Абай облысында 40–70 жас аралығындағы 50-ден астам сотталған әйел сүт безін рентгендік зерттеуден (маммография) өтті.
Зерттеудің мақсаты — жаңа өспелерді анықтау. Бұл фиброаденома сияқты қатерсіз өзгерістер немесе онкологиялық аурулар болуы мүмкін. Маммографияны Жарма аудандық ауруханасының маммолог-рентгенологы Азат Толежан жүргізді. Ол әйелдерге сүт безі қатерлі ісігінің қауіп факторлары және өзін-өзі тексеру тәсілдері туралы айтты. Әйелдердің профилактикалық тексеруден өтудің маңыздылығын елемеуінен онкологияның даму деңгейі жоғары болып қалып отыр. Іс-шараға қатысушылар маманмен бетпе-бет сөйлесіп, кеңес алу мүмкіндігіне ие болды.
— Еркіндікте жүргенде скринингтен өту үшін ауруханаға баруға ниет болмады. Бұған себеп – қорқыныш, кезекте отыруға деген құлықсыздық және уақыттың болмауы. Ал қазір мекеме қызметкерлері мен медицина мамандарының үйлесімді жұмысының арқасында бәрі жылдам әрі қиындықсыз өтті, – деп бөлісті сотталған әйел.
— Мұндай іс-шаралардың арқасында сотталған әйелдер аурудың алдын алып, қажетті емді дер кезінде ала алады. Себебі уақытында қойылған диагноз – толық сауығуға деген мүмкіндікті арттырады, – деді мекеме бастығы Уалихан Жұмашев.