Павлодар облысы ПД бастығы грэпплингтен Қазақстан кубогының қатысушыларымен кездесті
Павлодар облысы полиция департаментінің бастығы Василий Скляр Павлодар қаласында өткен AIGA нұсқасы бойынша грэпплингтен Қазақстан кубогының қатысушыларымен кездесті, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Аталмыш чемпионатқа еліміздің барлық өңірлерінен тәжірибелі спортшылар жиналып, әртүрлі жас және салмақ дәрежелерінде бақ сынасты.
Жарыста полиция құрамасын Борис Костеренко, Мейрамғали Уақбаев және Рустам Күзембаев таныстырды. Қызу әрі тартысты бәсекеде олар жалпыкомандалық есепте жеңіс тұғырынан көрініп, алтын медаль жеңіп алды.
Сонымен қатар әр спортшы үш жекпе-жектен өткізіп, Қазақстан Республикасының қола жүлдесіне ие болды.
Кездесу барысында Василий Скляр тәртіп сақшыларын шынайы ықыласпен қарсы алып, спорт саласына қосқан үлестері үшін алғысын білдірді. Ол оларды кезекті жеңістерімен құттықтап, болашақта бұдан да биік белестерді бағындыруларына тілектестік білдірді.
Өз кезегінде чемпиондар өңірде спорттың дамуына жасалған қолайлы жағдайлар мен осындай беделді турнирлерге қатысу мүмкіндігі үшін департамент басшылығына алғыстарын жеткізді. Сондай-ақ аталмыш жарысты жоғары деңгейде ұйымдастырғаны үшін Павлодар облысы бойынша AIGA президенті Мейрхат Жүсіповке ерекше ризашылықтарын білдірді.
– Қолдауларыңыз үшін алғысымыз шексіз. Біз бұдан да жоғары нәтижелерге қол жеткізіп, биік белестерді бағындыруға бар күшімізді саламыз, – деді полиция қызметкерлері.
Полиция департаментінің басшылығы қызметкерлердің жоғары спорттық жетістіктерін құптап, олардың салауатты өмір салтын насихаттаудағы үлесін ерекше атап өтті. Бұл жетістіктер полиция қызметкерлерін өзін-өзі жетілдіруге ынталандырып, қоғамдағы құқық қорғау органдарының беделін арттыруға ықпал ететінін атап өтті.