Ақмола облысында үздік полицей анықталды
Ақмола облысының үздік патрульшісі республикалық байқауда өңір намысын қорғайды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Степногорск қаласы полиция басқармасының патрульдік полиция взводының қызметкері Әділбек Салимов Ақмола облысының "Үздік патрульшісі" атанып, енді "2025 жылғы Үздік маман" республикалық байқауында өңір намысын қорғамақ.
1993 жылы дүниеге келген Әділбек Салимов құқық қорғау органдарындағы қызмет жолын 2011 жылы әскер қатарынан бастап, кейін патрульдік полицияға келіп, өмірін қоғамдық тәртіпті қорғауға арнады. 2013 жылдан бері Степногорск қаласында қызмет атқарып жүрген тәртіп сақшысы 12 жыл ішінде өзін жауапкершілігі жоғары, тәртіпті және білікті маман ретінде көрсете білді.
Республикалық байқауға жолдама алуына оның кәсіби дайындығы мен әріптестері арасындағы беделі себеп болды. Байқауда ол жол қозғалысы ережелері мен құқықтық нормалар бойынша тест тапсырмаларын орындап, физикалық сынақтар – жүгіру, тартылу және атыс жаттығуларын сәтті еңсерді. Қатысушылар арасында бәсеке жоғары болғанымен, Әділбек өз білімін, шеберлігін және рухын танытып, топ жарды.
Әділбек Салимов тек кәсіби жетістігімен ғана емес, отбасындағы өнегелі өмірімен де мақтана алады. Жұбайы Дариғамен бірге үш бала тәрбиелеп отыр. Үлкен ұлы таэквондоға, қызы гимнастикаға қызығушылық танытып, алғашқы жетістіктерге жетуде. Ал ең кенже қызы – бүкіл отбасының қуанышы.
Өзінің тәртібімен, адалдығымен және қызметке деген жауапкершілігімен Әділбек жас әріптестеріне үлгі болып, нағыз полицейдің бейнесін паш етіп келеді.